ТОО "Астана Орманы".
Халқымыздың тағылымы мол мұраларының бірі деп – ғасырлар бойы жинақталған табиғатты аялау дәстүрі екендігін ерекше атап өткен жөн. Халқымыздың табиғатқа етене жақын болуына тарихи қалыптасқан өмір салты әсер еткен. Халық өзін табиғаттың ажырамас бір бөлігі деп есептеп, оны аялауға, оған мейірімділік көрсетуге ерекше мән берген.
Табиғат – күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя бесігі, құт-берекесі. Ал адам үшін табиғат ең қасиетті де қастерлі ұғым. Халқымызға талай ғасырлар бойы қорған болған орманды «Қара орманым» деп қастерлеп келген. Осындай сезімді ақын Ахметжан Нұртазиннің жыр жолдарынан байқауға болады:
Киінген келіншектей оқалы орман,
Гүлді орман жанға сая, малға қорған.
Бабамыз бауырында малын бағып,
Үй салып, құрық алып, уық жонған...
Осында табиғаттың бар асылы,
Көркейген келбетімен дала сыны.
Ақ қайың, жасыл желек қарағайлар,
Секілді-ау көзіміздің қарашығы.
Ертеде «көзіңді қалдыр-бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдыр-жақсы істен мұра шаша жүр, өзіңді қалдыр-бақша өсіріп жаса нұр» деген сөздерде өмірдегі өзіңнен кейінгі ұрпаққа өлмейтін мұра қалдыр, сонда ол сенің көзін ашқан бұлағың, істеген жақсы істерің-шырағың, ал өсірген жасыл орманың - құнарың болмақ» деп, халық артына өсиет қалдырған. Осыдан туындаған «Орман, тауы болмаса, жердің көркі болар ма?» деген ақиқаты мол дана сөздің орны ерекше.
Жасыл желек ну орманның адам денсаулығына әсері жетерлік. Қоршаған ортаны сауықтырудағы ерекше орын орман ағаш екпелеріне тиесілі. Жасыл желекті аймақ елді мекен тұрғындарының өміріне әсер етуші қолайсыз факторларды төмендетеді. Ағаш екпелер елді мекендерді қатты желдерден, аңызақтан, шаңды дауылдардан қорғап, санитарлық-гигиеналық қызметтерді атқарады. Сонымен қатар орман дем алуға өте ыңғайлы орын болып табылады. Орман атмосфераны шаң-тозаңнан, түрлі аэрозолдардан тазартып, ауаны адамның денсаулығына аса қажет иондармен толтырады, ауадағы оттегі қорын толықтырады. «Дені саудың-жаны сау» демекші, адам баласына деннің саулығынан басқа түк те керек емес. Барлығысы осы денсаулықтың арқасында болып жатады. Ағаштардың адамға тигізер пайдасы өте зор. Мәселен, самырсын ағашының бір ғана бұтағы микробтарды 10 есе азайта алады. Алма ағашының бүрлері мен еменнің, теректің діңі талай ауруларға ем екені мамандармен дәлелденген. Ал ағаштардың адамның жүйке жүйесіне тигізер әсерінің мол екені айтпай-ақ түсінікті.
Ел ордасы Алматыдан Есіл өзенінің жағасында орналасқан қысы-қаҺарлы, жазы-аптап, оңтүстік бағыты шөлейтті аймаққа, Ақмола өңіріне көшкенде қаланың сырт бейнесі жапан даладағы жалғыз үй тәрізді болатын. Дүние жүзінде дәл біздегідей, жазы +350 С, +400 С, ал қысы -400 С болатын аймақ еш жерде жоқ шығар.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев жаңа астананың қамын, жастардың болашағын, барша халықтың денінің саулығын ойлап жазық жерді жасыл желекке орау қажеттігін ортаға салды. Әлемде шұғыл континентті климатты жазық далада кең масштабты орман алқабын құру оқиғасы бұған дейін болған емес. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамашылығымен 1996 жылдың 09 қаңтарында №39-8/81 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік комиссиясының қаулысы қабылданды. Жасанды орман белдеуін жасау арқылы табиғи-климаттық, әрі санитарлық-гигиеналық жағдайды қалыпта ұстауға болады. Осыны негізге алған Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 1997 жылы қаланың табиғи-климаттың жағдайларын жақсарту мақсатында үлкен жоба дүниеге келді. Ол - Астананың санитарлық-қорғау аймағын құру. Атап өткендей климаты қатал аймаққа орман жайқалту - белді тәуекелмен бекем буу деп санауға болады. Елбасының Астана аумағында жасыл белдеу құру деген талпынысы Елорда тұрғындарына да, Астана қаласыны маңындағы елді мекен тұрғындарының да денсаулығына оң әсер етер деген үміттен туындауы мүмкін.
Кезінде, Ресей патшасы I Петр өз заманында «Ресей орман алқабына айналсын!» деген жарлық шығарып, ағаш өніміне аса үлкен мән бергені соншалық, оны заңсыз кескендерге, залал келтіргендерге қатаң жаза қолданған екен. Сондай-ақ, қазақ тарихында да орманға, баққа үлкен мән берген хандар да, ақындар да аз болған емес. Мысалы, Қорқыт атаның өсиет сөздері «Қара тауларың құламасын, саялы ағашың сынбасын, қанаттарың қырқылмасын» деген ұғымдар айналаңдағыны аялай біл дегені.
Ал Қашаған ақын орманның адам үшін маңызын ерекше толғаған:
Жаның сая табатын,
Орман болған бұл ағаш.
Қорыққанға жалғызға,
Қорған болған бұл ағаш.
Нәсіп болған бұл ағаш,
Бесік болған бұл ағаш.
Найзасына батырдың
Сап та болған бұл ағаш.
Қаріп пенен қасірге
Қуат болған бұл ағаш...- деген өлең жолдарынан ағаштың керемет қасиеттерін танып-білуге болады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Ақмола өңірін жасыл желекке орау туралы бастамасынан кейін осы ойдың айналасында түрлі жұмыстар жүргізіле бастады. Атап өтсек, 2002-2003 жылдары «2002-2010 жылдарға арналған Астана қаласының жасыл аймағын құрудың салалық бағдарламасы», 2004 жылы «2004-2006 жылдарға арналған Қазақстан ормандары», 2005-2007 жылдары «Жасыл ел» бағдарламалары қабылданып, барлығы да еліміздің орман алқаптарының көлемін арттыруда жұмыс істеді. Астананың айналасын жасыл желекке орау жұмысымен алдымен «Жасыл аймақ» РМК айналысты. «Жасыл аймақ» РМК ағаш егу, оны күту және санитарлық-қорғау жұмыстарымен айналысады. 2005 жылдың 24 наурызында «жасыл аймақта» күту жұмысын жүргізу үшін «Астана орманы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылды. Кәсіпорынның негізгі қызметі болып санитарлық-қорғаныс аймағын күту, күзету және қорғау жұмыстары болып табылады. «Астана орманы» МКК теңгерімінде 15 723,4 га жер бар. Оның 10 689,5 га – орманды алқап. Жасанды екпелерден шегіршін, желкілдеген қарағай, қайың, үйеңкі, боз жиде, ақтерек, көктерек, сібір алмасы, жөке, татар үйеңкісі, алтын түсті қарақат, қараған, татар үшқаты, ала шиесі тағы да басқа ағаш-бұта тектес өсімдіктер өседі. Қазіргі уақытта, он жыл бұрын топырағы құнарсыз жерге отырғызған жасанды жасыл белдіктің бүгінгі көрінісі көз қуантарлықтай.
Қазақстан Республикасының Президенті Астана қаласының санитарлық-қорғаныс аймағын жыл сайын аралап, ағаш екпелерінің дамуына ерекше көңіл бөледі. Атап өтсек, 2009 жылдың 25 маусымында Елбасы Астана қаласының айналасындағы санитарлық-қорғаныс жасыл аймағын аралап, болашақ орманның дамуына өзінің ризашылығын білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы қаланың іші мен айналасын көгалдандыру - жаңа астананы құрудың ең маңыздысы мәселесі екендігін айрықша атап өтті.
«Біз барлық аймақтарды аралап өттік. 1998-99 жылдары отырғызылған ағаштардың биіктігі 15-20 метр болған. Бұл дегеніміз-орман емес пе?»- деп Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің қуанышын білдірді. Енді Астананың «жасыл аймағын» Шортанды ауданының орманды аймағымен қосу керек. Сол кезде орман өз бетінше өсіп, өркендейді және жаңарады.
Сонымен қатар Елбасы соңғы жылдары Астана қаласының айналасына отырғызылған екпе ағаштар 45 000 гектар ауданды алып жатқандығын айтты. Бұл деген астананың нағыз «өкпесі». «Жасыл аймақтың» арқасында ауа тазарады, қаланы шаң-тозаңнан қорғайтын табиғи аймағы құрылады. Қыста орман алаңқайлары қар жинақтаушының, демек жазық дала үшін ылғал жинаушының рөлін атқарады.
Президент сонымен қатар, Астана қаласының айналасына жыл сайын 5 000 гектарға орман алқаптары отырғызылатынын, Астананың басқа облыстық орталықтары мен Қазақстан қалалары үшін үлгілі көрсеткіш екенін де атап өтті..
Топырағы құнарсыз жерге отырғызған жасанды жасыл белдеу барша халықтың мақтанышына айналды. Айналасы он шақты жылдың ішінде 11 миллион тал мен бұта тектес ағаш егіліп, жапырағы желкілдеген жасыл орман болып жайқалып тұр. Осы орман - бүгінгі күні жасампаз қаланың ажырамас бір бөлігі. Бұған дейінгі Қазақстанның 0,1143 миллион шаршы шақырымы орман алқабына енді Астананың жас орманының алқабын қосып есептейтін боламыз. Келер ұрпақ осындай жасыл желек орманды құру Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамашылығымен болғандығын және «жақсыдан бақ қалады» деген нақыл сөздің Елбасының ұлы жобасына қатысты айтылғанын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін болар ...


Главное меню






